Жат ағым өкілдері және сенім мәселесі

Алматы орталық мешітінің ұстазы

Қайыргелді Руслан Болатұлы

 

Жат ағым өкілдері мен дәстүрлі исламды ұстанушылар арасындағы діни алауыздықтар мен қарама-қайшылықтардың әр түрлі қырлары бар. Оларды бірнеше тармаққа бөліп қарастыруға болады.  Алайда ең негізгісі, жат ағым өкілдерінің қанша тырысса да қабылдап, келісе алмайтыны сенім яғни ақида мәселесі. Қандай да бір мұсылман ақида яғни сенім мәселесі қозғалғанда өзін «әһлу сунна» ақидасындамын деп таныстырады. Бірақ «әһлу сунна» термині дәстүрлі ислам мен жат ағымда бірдей қолданылса да заты тұрғысынан, яғни ішіндегі негізгі ұстанымдары тұрғысынан айырмашылықтары бар.  Ақида- сенім, жай ғана сенім деп түсіндіру қате болар, бәлки ол исламдағы негізгі догмаларға мұсылманның күмәнсіз сенуі. Мұсылман- ислам дінінде Алла мен елшісі (с.а.с.) айтқан дүниелерге мүлтіксіз сенуі керек. Бұл мәселеде ғалымдар арасында талас жоқ. Ал сенім өзегін алатын насс яғни Құран мен хадисті түсінуде, түсіндіре білуде таластар бар.  Бұрыс түсіне білу және түсіндіру немесе бұрыс интерпреатция діни мәтіндегі конфликтілерге жол ашады. Мысалы жат ағым өкілдерінің негізгі, басты көшбасшыларының бірі ибн Таймия «діни мәтіндерде астарлы мағына жоқ» деген көзқараста болған, яғни Құран және хадис тек тікелей мағынада ғана айтылған деген көзқараста. Міне тікелей түсіну яғни буквализммен мәтіндерді түсінетін мұсылман мен мәтіндердің астарлы мағынасына үңілетін мұсылман арасында осылайша түсініспеушілік пайда болады.  «Бір (ибн Таймия) немесе тағы сол кісінің ізіне ерген санаулы шәкірттерінің ғана көзқарасында тұрған не бар», «әр адамның ойлауы әр түрлі» деген секілді сындар айтылуы мүмкін, алайда сол жекеленген пікірді кейбір мемлекеттер өзінің негізгі ресми идеологиясына айналдырып, тіпті оған ермеген басқалардың бәрін күпірлікпен айыптаса онда оған басқа мұсылмандар мардымды жауап беруі керек болады.  Жоғарыда тілге тие кетілген  «әһлу сунна» пайғамбарымыз (с.а.с.) және оның сахабаларының жолымен жүргендерге айтылып қалыптасылып қалған.  Мұның себебі пайғамбар (с.а.с.) жолымен жүрушілердің Алла мен елшісінің қалдырған мұраларына сақтықпен қарап,  оған Алла мен елшісі бұйырғандай амал етіп, бұл хабарды жай ғана хабарлар сияқты емес «уахи» ретінде қабылдауларында.  Міне сол себепті де Құран мен хадистегі мұраға шынайы ие болып, жаңашылдық пен бұрмалаудан таза болулары себепті бұл жолдағылар «әһл» яғни «ие», толыққанды аударылғанда «сүннет иесі» атауын алады.  Ал осы сөздермен қатар жүретін «жамағат» сөзі әһлу сунна ұстанушыларың исламдағы негізгі көпшілік болулары себепті.  Тағы да «көпшілік» сөзінің қоса қолданылуы тақырыбымызға түрткі болған сара жолда көптеген ислам ғұламалары мен патша, қазиларының болуы себепті. Тіпті Осман империясының соңғы басшыларына дейін осы «әһлу сунна» ақидасында (буквализмнен ада, астарлы мағынаны қабылдайтын тұрғыдан алғандағы «әһлу сунна») болған.  Ғалымдарымыз пайғамбарымыздың (с.а.с.): «сендер үлкен қараға (негізгі көпшілікке) еріңдер» –деген хадисін түсіндіргенде хадистегі «көпшілік» ислам тарихындағы өткен көпшілік ғалымдар деп тәпсірлеген. Өйткені қарапайым мұсылмандардың көпшілігінің келісіп айтқан сөзі қате болып, ал бір ғана ғалымның пікірі дұрыс болып шыққандығы тарихтан да белгілі, өмірде де бар жайт. Сол себепті жат ағым өкілдеріне біздің айтар қарсы үлкен дәлеліміз ислам ғалымдарының көпшілігі төменде кеңінен айтылатын екі мектеп өкілдері болған. Енді  астарлы мағынаны ұстанатын, оны діни мәтіндерде бар деп санайтын, ғалымдардың көпшілігі осы жолда болған екі мектеп жайлы кеңінен сөз қозғасақ. Өйткені жат ағым өкілдері ақида жайлы сөз қозғалғанда осы екі мектепті адасқан санап, оларға ергендерді «бидғат иелері» яғни дінде жаңашылдық ойлап тапқандар деп айыптайды.   «Әһлу сунна» ақидасы ілімін жүйелеп, бірізділікке түсіріп, реттеген ғалымдар мен ақида мектептері.  «Әһлу сунна» ақидасының білім ретінде қалдыптасуына  зор үлесін қосып, оны бұрмалаушылық пен жаңашылдықтан, күмән мен адасушылықтан сақтап қалыптастырған ашағира мен матуридия атты танымал екі ақида мектебі бар.  «Ашағира» мектебі имам Әбул Хасан Ашғари (324 һ.қай.бол.) мен шәкірттеріне телінеді. Ал матуридия мектебі имам Әбу Мансур Матуридиға (333 һ.қай.бол.) және шәкірттеріне телінеді.  Бұл екі атақты имам екі алыс мемлекеттерде болса да, бір бірін көрмек түгілі естімесе де, барлық негізгі мәселелермен қатар көптеген қосалқы ақида мәселелерінде теориялық бір көзқараста болулары екеуінің де тура пайғамбар (с.а.с.)  үйретіп кеткен, өздеріне дейінгі барша ғұламалар ұстанған жолда болғандарының айғағы. Сағид Фуда (р.а) «әһлу сунна ақидасы жайлы жалпы анықтама» атты кітабында имам Тажуддин Субукидің мына сөзін келтіреді: «расында Әбул Хасан Ашғари жаңа мазхаб құрып, жеке көзқарас қалыптастырмады. Тек Алла елшісінің сахабалары болған жолды бекітті. Ал мектептің оған телінуінің себебі тек өзі ұйып, ерген жолын түсіндіріп, дәлелдерін нақтылауы себепті ғана». Имам Субукидің айтқанындай имам Ашғари болсын немесе имам Матуриди болсын өздігінен ақида құрастырған адамдар емес, (өйткені жат ағым өкілдері екі мектепке ерушілерді жаңашылдық иелері,  пайғамбар жолынан ауытқығандар деп санайды) тек бар, қалыптасқан ақиданы жүйелеп, реттеп, қарапайым тілмен айтқанда бір кітапқа топтастырған ғалымдар.  Екі ақида мектебі де негізгі мәселелердің барлығында бір көзқараста, тек кейбір қосымша мәселелерде екі жақты пікір болғанымен оны да көптеген ғалымдар біріктірген. Екі мектепте мәнхаждарында   сезім мүшелері (Абай атамыздың қара сөзіндегі «зауаһир хамс» яғни бес сезім мүшесі), сенімді хабарлармен сау ақылға сүйенеді. Ақылдың орны адам өмірінде үлкен болғанымен екі мектепте де ақыл уахидің алдына шығып кетпейді. Екі мектеп те Құран мен хадисте астарлы мағына барына келіскен. Яғни сыртқы мағынасы Алла Тағаланы адамқа ұқсататын аяттарды тәуил (басқа тура мағынадағы аяттармен түсінген) жасаған.   Әбу Абдулла ибн Мужахид, әбу әл-Хасан әл-Бәһили, Мухаммад ибн Ахмад әл-Марузи, әбу Абдулла әл –Асбаһани, әбу әл– Муғауи әл– Жуайни, әбу Хамид әл– Ғазали, Фахруддин әр– Рази, Құшайри, ибн Дақиқ әл– Иид, әс– Суюти т.б. осы секілді аттары ислам әлеміне жақсы таныс ғалымдар «ашағира» мектебінінің жарқын имамдары болып табылады.  Ал әбу Бакр Ахмад ибн Исхақ әл–Жузжани, әбу Наср Ахмад әл–Ғиади, әбул–Юср әл–Баздауи, әбул–Муғин ән–Насафи, ибн әл–Һумам секілді  матуридия мектебінің тарихта аттары алтын әріппен қалған имамдары, жүйелеуші ғалымдары болып табылады.  Жоғарыда есімдері аталмаған алайда жоғарыдағы екі мектептің бірінің жолын ұстанып, хадис, фиқһ, тәпсір, тасауф т.б. көптеген ислам ғылымдарында үлкен мұра қалдырған, үлкен ғалымдар да жетерлік. Әбул Фараж ибн Жаузи, ибн Хажар, ән– Науаи, Әлуси секілді имамдар мұның жарқын мысалы.  Көпшілік ислам ғалымдары осы жолда болған, ата бабаларымыз ұстанған, Абай, Шәкәрім, мәшһүр Жүсіп т.б. секілді зиялыларымыз басы мен көзіне қойған екі ақида мектебінен айнымау, қазақ даласына қатысты нақтырақ айтқанда матуридия мектебін ұстану бабалар жолының жалғасы немесе зиялаларымызға еру ғана емес бәлки пайғамбарымыз (с.а.с.) хадиісінде айтқан «әһлу сунна» һәм исламның бұрмаланбаған негізгі ақидасы болып табылады.  Пайдалынылған әдебиттер тізімі 1. Тағрифун аммун би әһлус суннати уәл жамаға. Саид Фуда. 2.LahaOnLine.com сайтынан алынды. 3.Ракаизул –иман. Мухаммад Қутуб. Ишбилия баспасы. 1917ж.   Қайыргелді Р.Б.