Әйел адамның сауатты болуы қаншалықты маңызды?

 

Автор: Жетпісбай Назерке

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту» орталығының дінтанушы маманы

Әйел адам — тәні нәзік, жаны сұлу, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен Алла тағаланың көркем жаратылыстарының бірі.
«Әлемді тербеткен» деген ұлағатты сөзден-ақ, біз әйел адамның қоғамда қаншалықты рөл ойнайтындығын түсіне берсек болады.
Ал бүгінгінің әйелі қандай? Мен бұл тақырыпты діндар әйелдер арасындағы сауатсыздық мәселесін көтеріп, әрбір оқыған қыз балаға, болашақ анаға сабақ болар деген үмітпен өз тәжірибемде кездескен бірнеше маңызды мәселелерге тоқталып, түсіндіруді жөн көрдім.

Алдымен, Абайтанушы Омар Жәлел ағамыздың: «Қыз баланың мұраты-өмір бойы оқып, «академик-доктор» болу емес, жастайынан бес зәруді бойына сіңіріп, «академик-докторларды» туып, тәрбилеу» — деген сөзі біраз шамыма тиіп еді, ал енді діндар қыз балалар арасында зайырлы білім алу маңызды емес, қыз бала діни сауатты болса болғаны дейтіндер менің осы мақаланы жазуыма түрткі болды.

Айталық, қазір қыз балалар орамалы үшін мектебін тастап, арнайы орта білім тіпті жоғары білім меңгеруден бас тартып жатады. Мен кездескен діндар әйелдердің 80% пайызы орта біліммен шектелген. Ал білімі жоқ болған адам әркімнің қол астында жұмыс жасап, жұмыс беруші талап еткен нәрселерді жасауға немесе қабылдауға мәжбүр. Өйткені қазіргі заман күнкөрістің заманы. Осы сатыдағы қыз бала өзіне тең, не болмаса, сол жұмыс барысында танысқан ер адамға тұрмысқа шығып жатады. Ең бастысы асырай алса болғаны және намазхан екен деген түсінігі дәл осы мен айтқан адамға тұрмысқа шығуға жетелейді.

Ер адам дәстүрлі ұстанымда ұстанса әрине, нұр үстіне нұр болар еді, бірақ, қаракөз қыздарымыздың ішінен бірқатарлары жат ағымның жетегінде кеткен ер азаматтарға тұрмысқа шығуда.

«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» — демекші, сол үйдің заңын қабылдап, әйел адам үйде отырады да жеті-сегіз баланы дүниеге әкеледі. Білімі жоқ болғандықтан ол жұмысқа кіріп, қоғаммен араласып шүйіркелесе алмайды. Бар өмірін бала тууға арнайды. Ия, көп балалы болған дұрыс шығар, бірақ балаға негізгі білімді беретін әке емес ана ғой! Егер әйел адам өзі білім алмаса, оңды-солды көрмесе, баланың сауатты өсіп-өнуіне және оның болашақта ел үшін қызмет етер керемет тұлға болатынын қаншалықты елестетуге болады? Сонда академик-докторларды қандай адам, кім туады?

Жақсы әйел адамның тек діни сауатты болуы жеткілікті десек, қаншама дәстүрлі ұстанымды ұстанатын қаракөз қазақ қыздарымыз псевдосәләфилік ағым өкілдеріне тұрмысқа шығып, салты-жоралғыларды ұмытып, күйеулерінің айтуларымен жат елдегі бауырларымызды құтқарамыз деп артынан ере кетті. Сонда мейлі, оның зайырлы сауаттылығын былай қоя тұрайық, оның діни сауаттылығынан не пайда болды? Әйел адам жан-жақты, көзі ашық көкірегі ояу, оңды-солды білетін, сауаттылығы бола тұра оны ақылмен күйеуіне жеткізе алса, мүмкін қанша отбасы жиһдаттың туын көтеріп шет ел безіп кетпес еді.

Қазақта сөз бар ғой «Ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел» — деген. Бұл тектен тек айтылған сөз емес.

Әрине, әйел адам өмір бойы оқу қажет емес, бірақ тиісті деңгейде білім алып, қоғамның дамуымен білімін де жетілдіре білу керек. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінезі деген қасиеттермен озады» — деген сөзі қай уақытта болмасын өз мәнін жойған емес. Тіпті сол діндармын деп жүргендер Құранның: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады»-деген аятына амал етсе жер бетіндегі қаншама келеңсіз нәрселер жойылар еді…
АҚШ-та 1093 патент алған американдық өнертапқыш және кәсіпкер, телеграфты, телефонды, киноаппаратураны жетілдірген және электр қыздыру шамының алғашқы коммерциялық табысты нұсқаларының бірін әзірлеген танымалы тұлға Томас Эдисонды мектеп қабырғасында ұстаздары «ақыл-есі толықпаған» деп есептеген. Өзінің айтуынша ұстаздары оған хат беріп оны анасына беру қажет екендігін айтқан. Хатты анасы оқып отырғанда, Томас Эдисон оның ішінде не жазылғандығын сұрайды. Сонда анасы: «Сіздің балаңыз өте ақылды болғандықтан біздің оқытуға біліміміз жетпейді, сондықтан балаңызмен өзіңіз жұмыс жасаңыз» — деп жазылғандығын айтады. Анасы баласымен өзі айналысып, барынша жетілдіреді. Бірнеше жылдар өтіп, танымалдылыққа ие болған Томас Эдисон сол хатты өзінің ескі үйінен тауып алады. Сонда хатта «Сіздің балаңыздың ақыл-есі толықпаған, біз енді оны оқыта алмаймыз»-деп жазылғандығын көреді. Қараңызшы, мұғалімдері бас тартса да анасы баласының қаншама жетістікке жетуіне ықпал еткен.

Өкініштісі сол, қазір сол әйелдердің арасында техниканы меңгере алмаған тіпті сауатты хат жаза алмайтындары да бар.

Егер күйеуі басқа әйел алып, отбасынан безген жағдайда білімі жоқ әйел адам жұмысқа орналаса алмай, өз құқығын қорғай алмай, әйтеуір аш қалмасақ болдық деп біреудің екінші, не үшінші әйелі болып қолдан қолға өтіп жүре беруі қажетпе? Егер білімді көзі ашық әйел болса тез арада жинақталып, балаларым аш қалмасын, ел жұрт кекетіп күле қарамасын деп, бала шағасының көзін жәутеңдетпей, өзі оқыған білімімен жұмысқа орналасып, ел жұрт қатарлы балаларын тәрбиелеп, ешкімге де алақан созбас еді.

Менің айтарым: «Бүгінгінің әйелі қоғаммен үйлесетін барлық нәрсені меңгеруі қажет».

Ендігі сіздерге осы аталған мәселелерге қатысты білімсіз және білімді әйелдің оқиғасын мысалыға келтірейін.
Жұмыс уақытында маған бір әйел хабарласып, менімен кездескісі келетіндігін айтты. Әрине, аты-жөні құпия болып қалғаны жөн болар. Уақыт тауып, екеуміз бір шыны шәй іштік. Не шәй батпай, не тамақ батпай әйтеуір ойында тұрған нәрсе ол әйелдің қайта-қайта солқылдап жылауына алып келді. Ойын жинақтауына, сабырға шақыруға, барлығы жақсы болады деген сөзбен демеу беруге тырысқаныммен бәрі мен ойлағандай болмады.

Әйел адам орта білімді, бірінші жолдасынан бір қызы бар, екінші жолдасынан екі баласы бар. Жолдасым күн көрсетпейді, сонымен не керек бір күні үлкен қызымды ұрып (өгей әкесі), екі баламды менен тартып алып ауылға алып кетті. Сен жақсы ана бола алмайсың, баланы сенің қасыңда өсірмеймін деп жалға тұрып жатырған пәтерін үйдің иесіне беріп, бір қызымен далада қалдырған. Әйел адам жолдасымен осыдан бірнеше жыл бұрын заңды түрде ажырасқан. Бірақ екеуі кешірімге келіп, заңды түрде ажырасса да бірге тұрған. Содан не керек жыларман болған әйел мен енді балаларымды ала алмаймын, не білімім жоқ, не жұмысым мен үйім жоқ, арыз жазайын десем де өзімінің аты-жөнімді ғана жаза аламын, енді не істеймін, балаларымды бермейтін болды деп, көз жасына ерік бере берді. Әрине, Құдайдың берген сынағы дерсің, бірақ, сауатты әйел болса дәл осы жағдайға түспей, етек жеңін дереу жинар еді деп ойлаймын. Сол мезетте жолдасыңмен сөйлес, себебін сұра, бала ананың қасында қалу қажет, қайтадан балаларыңыды әкеліп қолыңа аман сау табыстасын десем, жолдасымнан қорқамын, айта алмаймын, мен сотқа берсемде ол жеңіп шығады, тағы да сол менің білімім жоқ, жұмыссызбын, үйім жоқ дегенге алып келді. Айтпақшы заңды түрде ажырасса да баласына алимент төлемеген. Ал енді сауатты адам болса көз жасына ерік бермей, заңды түрде ажырасқан жолдасының анасының ерік-жігерінсіз балаларын алып кетуі ұрлық және алимент төлемеуінің өзі қылмыстық іс болып табылатындығын білгенде, сол мезетте етек жеңін жинап дереу арыз жазғанда, тіпті жолдасы өзі ақ беріліп, ешқандай шу шығармай, мәселе өз деңгейінде заңды түрде шешілуші еді.

Ал екіншісі, бұл оқыған білімді әйелдің оқиғасы. Жолдасы екеуі бірге намаз бастап, кейін орамал таққан. Әйел кісі балаларының жан-жақты болып өсуі үшін әр түрлі үйірмелерге беріп, жан-жақты шыңдалуына барынша ат салысқан. Бірақ, жолдасы теріс ағым ықпалына түсіп, үйінде теледидар қостырмай, тіпті балаларының үйірме тұрмақ білім алуына қарсы болған. Балалары мектепке шығарда күштеп отырғызып, уағыз айтып, баланың білім алуына кедергі жасаған. Әйел кісі бұл жағдайды жақсы түсініп, жолдасына мән жайды барынша түсіндіруге тырысқан. Бірақ оған құлақ аспаған жолдасының бір күні екінші әйел алуға ниетті екендігін біледі. Жолдасы ең кіші баласын және үйдегі барлық құжаттарды өзімен бірге алып ауылына кетіп, екінші әйелімен өмір сүруін жалғастырады. Әйел адам етек жеңін жинап, күйеуінен қорқпайтындығын айтып, аз ғана уақыт ішінде барлық алып кеткен құжаттарын қайтадан жасатып, балаларын өзі өсіріп тәрбиелеу үшін заңды түрде ажырасуға арыз берген. Қысқа мерзім ішінде әйел адам мектеп оқитын бір баласын еліміздегі беделді, әрі сұранысқа ие IT колледжіне грантқа түсіріп, қызын би үйірмесіне қатыстырып жүр. Тіпті жұмысқа да орналасып алған.

Ал енді осы оқиғалар арқылы білімді және білімсіз болудың қаншалықты маңызды екендігін өзіңіз біліп ажыратып аларсыз…

Ең бастысы қыз бала — болашақ ана, елін де, ұлтын да тәрбиелейтін, ерін де жерін де асқақтататын адам өміріндегі маңызды, әрі ерекше жан екендігін ұмытпаған жөн.