Ақ сақалды әкеңді, ақ жаулықты анаңды жылатпа!


Әке мен ана — өміріміздің мәні де сәні осы жандар. Әрқайсысының орны ерекше, құрметті! Алайда, бізді өмірге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өз махаббатын сыйлап, қорғаштап өсірген, әр жетістігіне болысып, қандай жағдай болмасын «Менің балам алтын»- деп, демеу берген ата-ананы етегі толғанша зар жылатып кете барамыз. Ортамызда ата-анасын ренжітіп, оларға қатты сөйлеп, тіпті қол  көтеріп, зекіп жататындарды да естіп, көріп жүрміз. Баласы ауырғанда көз жасын төгіп «О, Құдайым баламды емес, мені неге ауыртпадың?!» — деп, жаны шырылдап жылаған ата-ана біз үшін отқа да, суға да түсті. Бірақ, бұны түсінетін саналы бала, саусақпен санайтындай дәрежеге жетуде.

Дінімізде «Ата-ана разылығы — Алланың разылығы» — деп, оларға қатыгездікпен емес мейіріміннен қарауды әмір еткен. Жүрегімді зар жылататын бір нәрсе бұл, арамызда жүрген, өзін мұсылман санайтын бауырларымыздың, қыз-келіншектеріміздің осындай қатыгездікке баруы. Осы арқылы Ислам дінінің сырт бейнесін жек көрінішті етіп көрсеткендігі. Намаз оқыймын деген әр бала ата-анасына қуаныш емес, уайым-қайғы, қасірет әкелетіндей қорқынышты күйге жетуі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналды.

«Жәннәт аналардың аяғының астында» — деген ұлағатты сөзді  білмейтін адам жоқ шығар. Алайда, барлығы бірдей  бұл асыл сөздің астарына тереңінен көз жүгірте бермейді. Жәннәтқа жетудің ең асыл жолын білмей, «Джиһадқа шығып мұсылмандарды қорғаймыз!»- деген желеумен елін, жерін, отбасын тастап, соңында ажал құшып ата-анасын зар жылатқан жандар қаншама.

Әй, Алланың пендесі! Қасиетті құранда ата-анаға қарсы шық деп емес, керісінше ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті емеспе. Тіпті бір себептермен оларға  «түһ» демеңдер деді. Хадис шәріпте: «Ата – анаға жақсылық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа барудан, умра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып шейіт болудан да артық», – делінген.  Ал сен ше?! Намаз оқып, ораза ұстаған жеткілікті деп ойлайсыңба? Жоқ, дініңе қанша берік болсаңда  ата-анаға жақсы қарым-қатынаста болмасаң  істеген бар амалың зая екендігін түсін.

Бір күні ардақты Пайғамбарымыз с.ғ.с бір әйел келіп жақын сырласы болған Алқама қатты қиналып, өлім төсегінде жатырғандығы туралы хабар береді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. Әбу Бәкір Сыдық және Біләл азаншыны Алақамадан хабар алуға жібергенде, Әбу Бәкір оның барша сөзді сөйлеп бірақ, тілін кәлимаға келтіріп, «Лә иләһа иллаллаһ» деп айта алмайтығын Пайғамбарға с.ғ.с жеткізеді. Бұл жағдайды естіген Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзі келіп көрді де, сахабаларынан оның әкесі ертеректе қайтыс болғандығы ал анасы тірі екендігі туралы хабар алады. Сонда  Пайғамбарымыз с.ғ.с. оның қасиетті анасына хабар беріп, оның анасымен кездескісі келетіндігін айтады. Хабарды алған Алқаманың анасы Пайғамдардың алдына өзі баратындығын айтып, оның құзырына келеді. Пайғамбар с.ғ.с одан баласының қандай болғандығын сұрайды. Сонда анасы баласынан көңілі қалып, ұмыт болғандығын, оған себеп баласы үлкен азамат болғалы бар тәтті тамақты, жылы сөзді әйеліне ғана арнайтындығын айтады және сол уақыттан бастап олармен бір үйде тұра алмайтындығын түсінеді, осы жайтты көріп өзі бөлек шығуды жоспарлағанда балам қайда баратынымды сұрамай бөлек қонысқа жүгімді әкеліп тастады, міне сол уақыттан аналық мейірім, махаббатым бұл балама теріс болды деп мән жайды түсіндіреді.    Пайғамбар с.ғ.с әйелге баласының жалған дүниемен қоштасқалы отырғандығын және сол үшін баласына разылығын білдіруін сұрағанда анасы разы еместігін айтады. Сонда Пайғамбар с.ғ.с  ағаш, отыннан үлкен алау жағып, анасын наразы еткен баланың отта жануын анасы және баршаларыңыз көріңіздер, – дейді. Алқаманың анасы:   – Ей, Расулалла, балам жанғанша, сол отта мен өзім жанайын, балама разымын, разымын, – деп бірнеше рет қайталап сұранды. Сол сәтте баласы Алқама: «Лә илләһа иллаллаһ», – деп жан берді. Пайғамбар с.ғ.с.:   – Сен дүниенің азғана отына балаңыздың түсуін қаламадыңыз, разылық бермегеніңізде балаңыз мәңгілік тозақ отына түсер еді, – дейді.

Қараңызшы, дінде ата-анаға жақсы мәміледе болу туралы қанша айтылғанымен жалған сөзге еріп, шала діндар бола тұра өзін тақуа санаған жастардың ата-анасына «кәпір» деп беттерінен алып, бір стөлде отырып тамақ жемей, тіпті ата-анасынан басқа адамды қамқор етіп үйлерінен кетіп те жатады.

Әй мұсылман пенде, жетім болсаң не істер едің? Ата-анаң хал үстінде жатса не істер едің? Ата-анаң аяқ асты көз жұмса саған разы болар ма еді?! Осыны бір сәт ойлан …есіңді жый…он екі мүшеңді  сау етіп өсірген ата-анаңды зар жылатқаннан ата-анаңның алғысы емес қарғысын алатыныңды естен шығарма!

Алматы қаласы Дін Істері Басқармасы жанындағы

«Кеңес беру және оңалту орталығының»

дінтанушы маманы Н.Жетпісбай