Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі

басқармасының жанындағы «Кеңес

беру және оңалту» орталығының

дінтанушы маманы Жетпісбай Н.Ж.

 

Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті

Білім – ақ пен қараны ажырату арқылы, адам баласының көзін ақиқатқа ашатын, адам руханиятын байытып, көңіл көкжиегін кеңейтетін, қараңғы түннен жарыққа алып шығар іс болып табылады.

Бүгіннің дәуірі – жаһандану кезеңі болғандықтан, кез-келген салада бәсекеге қабілетті болу және белгілі бір жетістікке жету білімді қажет ететіндігі  айтпаса да түсінікті. Сондықтан үйренуге деген ынта-жігер, ықылас-ниет, білімге деген құштарлық әрбір азаматтың бойынан ойып тұрып орын алуға тиіс маңызды қасиет болуы міндетті.

Дініміз Исламның да адамзат баласына қоятын ең басты талабының бірі іздену, білім алу. Ал білім – оған ұмтылудың нәтижесінде алынатындығы белгілі.

Адамның ең жұмбақ және толық түсінілмеген бөлігі – оның миы. Ми біздің сезімдерімізге, сөйлеуімізге, адамның қалыпты өмір сүруіне қажетті моторлық жүйеге жауап береді. Мидың салмағының өзі 1,5 кг болатыны таң қалдырады және ол адам ойлап тапқан кез-келген компьютерлік технологиядан әлдеқайда көп функцияларды орындай алады.

Одан да таң қалдырғаны – мидың білім алу қабілетін Жаратушы әрбірімізге берген. Ми білімді меңгеру процесіне қаншалықты терең бойласа, соғұрлым ол дамиды және керісінше, оқудан тынығу алған ми уақыт өте атрофияға ұшырайды, ақпаратты жинақтау қабілетінен айырылады. Қарапайым тілмен айтқанда, ми бұлшық ет тәрізді – оны неғұрлым көп жаттықтырсаңыз, соғұрлым ол дамиды.

Ал біз осы Ұлы Жаратушының жер бетіндегі барлық тіршілік иелеріне ұқсамайтын, адамға берген құндылығын дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Біз мұны бағалаймыз ба? Біз білім алып, дұрыс жолда жүруге ұмтылып жүрміз бе?

Адамзат өзінің даму тарихында орасан зор білім жинақтады. Адам ғарышта, мұхиттардың түбінде, бойлай алмайтын ормандарда, тау шыңдарында, бұрын белгісіз континенттерде болды. Қазіргі уақытта да ғылым қарыштап дамып келеді.

Дініміз білімге үлкен мән береді. Тіпті сан түрлі салалардан мол білімі бар адам өзін қателіктен қорғап қана қоймай, басқаларға да ескертуге қабілетті болады. Сондықтан, бүгінде мұсылман адам бұрынғылардан да білімді, сауатты, терең ойлап, ақиқатына бойлай алатын болуы керек. Өйткені, бүгінде Ислам атын жамылып орын алған түрлі теріс-пиғылды әрекеттердің кесірі мұсылман бейнесін көбінесе надандықпен, қатыгездікпен байланыстырып жатады, әрине, шын мәнісінде бұл ешбір шындыққа сәйкес келмейді. Себебі, қай кезде де үлгі алатын, білімге құштарлығына қарап қызғанышпен қарайтын адамдар болған. Бұған мысалы, Ибн Сина, Әл-Бируни, Имам әл-Ғазали, Шейх Зәкәрия, Әл-Ансари, Имам Әбу Ханифа және тағы басқа ғалымдардың есімдері дүние жүзіне белгілі…

Еуропа елдерінде Авиценна деген атпен белгілі Ибн Сина ортағасырлық ғылымның дамуына үлкен үлес қосты. Ол көптеген шығармалар жазды, оның екі жүзден астамы күні бүгінге дейін сақталған. Ибн Сина көптеген салаларда, әсіресе жаратылыстану ғылымдарында, сондай-ақ, медицинада терең білімге ие болды. Ол алғаш рет оба, тырысқақ ауруын, менингит, қант диабеті, асқазан жарасы сияқты аурулардың себебі мен емделу жолдарын сипаттаған.

Әл-Бируни ғылымның әртүрлі салаларында, физика, химия, география, математика, астрономияда көптеген жаңалықтар ашқандықтан энциклопедист ғалым деп аталды. Ол хорезм, араб, грек, еврей, парсы және санскрит тілдерін білген. Оның белгілі еңбегі «Үндістан», бұл еңбекте осы елдің тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрыптары қамтылған.

Имам Әбу Ханифа терең білімімен ғана емес, тамаша мінезімен де танымал болды. Танымал төрт мазһабтың бірінің негізін қалаған, мужтаһид дәрежесіне жеткен ғалым. Көзі тірісінде асқан білімдарлығы үшін «Имам Ағзам» деген атты иеленді. Өзінің телегей-теңіз ілімімен миллиондаған мұсылмандардың Хақ жолмен қауышуына ықпал етті. Оның мәзһабын ұстанушылар әлемнің барлық аймағында кездесіп қана қоймай, әһли-сүннет қауымының ішінде мұсылмандардың басым бөлігі ұстанатын мазһабқа айналған болатын. Осы арқылы біз Имам Әбу Ханифаның теология ғылымы саласында қосқан мол үлесін көре аламыз.

Бүгінде әлемнің көптеген Ислам университеттерінде зайырлы ғылымдар да оқытылады, бұл біздің заманымызда мұсылман үшін білімнің маңыздылығын көрсетеді. Өйткені, сырт көздердің ислам діні туралы түсініктері мұсылманның мінез-құлқына, даму деңгейіне байланысты.

Бүгінде заманауи адамның білім алуда мүлде қиындықтары болмауы керек, себебі, біздің заманымызда қажетті ақпаратты алуан түрлі көздерден алуға болады. Сонымен қатар, қажетті нәрселерді үйренуге әрқашан үлгеремін, әлі жас, бәрі алда деп сенетін адам қателеседі. Бүгінде ортамызда  «Менің әлі уақытым бар!» немесе «Қазір оқуға уақытым жоқ» деген сөздерді жиі естимін, маңызды дүниелерді кейінге қалдырып жатамыз, бірақ «кейінірек» бос уақыт табу одан да қиын болады. Сондықтан біз қазіргі, бүгінгі уақытты ұтымды пайдалануға тырысуымыз керек.

Мына бір хадистерден ақ терең ой түйуге болады деп ойлаймын.

 «Бір сағат ілім үйрену, түннен таңға дейін ғибадат етуден құндырақ. Бір күн ілім үйрену, үш ай ораза ұстаудан құндырақ» (Әбу Нуайм)

«Ешкім сауатсыздығымен құрметті, ал ілімімен масқара болмайды.» (Аскери)

Ертеде ата-аналар балаларын елге сыйлы, білімді кісілердің тәліміне беретін. Қытай мақалында: «Бір ақылды адаммен сөйлесу бір айлық кітап оқуға тұрарлық» дейді.

Конфуций білімнің үш жолы бар екенін айтты: «Ой қозғау жолы – ең асылы, еліктеу жолы – ең оңайы, тәжірибе жолы – ең ащы».

 «Ойланбай оқыған сайын, сіз көп нәрсені білетініңізге сенімді боласыз және оқыған сайын көбірек ойласаңыз, әлі де өте аз білетініңізді көресіз». (Вольтер)

Иә, бүгінде шындық қайда, өтірік қайда, екенін түсіну қиын. Дәл біреудің қолындағы қуыршаққа айналмау, біреудің өтірік, нанымды нұсқауымен жаңылысып қалмау үшін біз оқуға, шындықты білуге ​​тиіспіз.

Қорытындылай келе, баршаға, әсіресе, жастарға қымбат уақытты босқа өткізбей, білім алуға пайдалы жұмсауды үйреніңіз. Оқыңыз, біліңіз, ой елегінен өткізіңіз. Уақыт – өмірдегі ешқашан кері қайтарылмайтын жалғыз нәрсе.