Ағымдағы жылдың 15 тамыз күні Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы Кеңес беру және оңалту орталығының ұйымдастыруымен, «Жусан» операциясы бойынша өңірге оралған азаматшалардың қатысуымен «Отбасындағы тәрбиеде дәстүрлі құндылықтардың маңыздылығы» тақырыбында онлайн форматта зумм платформасы арқылы кездесу өтті.
Кездесуді Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Джекебаева Мақпал Әбілқызы жүргізді.
Маман кездесу барысында бала күнінен бастап ұлттың дәстүрлі құндылықтарын дінмен ұштастыра отырып бойына сіңіріп, онымен қанығып өскен бала ержеткенде ұлттың алдындағы жауапкершілікті сезінетін, еліне тұтқа болатын тұлғаға айналатындығы турасында сөз қозғап, қазақтың бойына сіңген салт-дәстүрлер турасында әңгіме өрбітті.
Жастардың бойына ұлттық сананы қалыптастыру және халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған рухани құндылықтары негізінде тәрбиелеу бүгінгі күннің талабы екендігін баса айтып, жалпы кездесуді отбасылық тәрбие қағидаттарына негіздеді.